Қырғыз-өзбек шекарасында босқындарды өткізу уақытша жабылды

НДІЖАН ОБЛЫСЫ. Маусымның 14-і. ҚазАқпарат /Құрмат Самархан/ - Қырғыз-өзбек шекарасында босқындарды өткізу уақытша жабылды. Бұл туралы бүгін шекара маңында болған Өзбекстан вице-премьері Абдулла Арипов мәлім етті.

Қырғыз-өзбек шекарасында босқындарды өткізу уақытша жабылды

Өзбекстан Премьер-Министрі орынбасарының айтуынша, шектеу жаралы әйелдерге қатысты емес. «Дүйсенбі күнгі таңертеңге жағдай бойынша тіркелген ересек адамдар 45 мың болды, олар Өзбекстан аумағына босқын ретінде өтті. Бұл орайда кәмелетке толмағандар есепке алынған жоқ», - деді ӨР Үкіметінің өкілі.

Әндіжан облыстық клиникалық ауруханасы дәрігерінің хабарлауынша, қазіргі кезде медицина мекемелерінде жараланған және ауру 500 адам жатыр.

А.Ариповтың айтуынша, босқындар лагерьлерінде БҰҰ Даму бағдарламасының, ЮНИСЕФ-тің және басқа да халықаралық ұйымдардың өкілдері болды. Жоғарыда көрсетілген ұйымдардың өкілдері әңгіме барысында көмек көрсетуге әзір екендіктерін білдірді. «Босқындарды өткізу жабылған себебі, орналастырылған лагерьлер қазірдің өзінде толып қалды», - деп түсіндірді ӨР вице-премьері.