Қырғыз Президентімен келіссөздерде экономикалық мәселелерге айрықша назар аударылды - Елбасы

«Қазақстан мен Қырғызстан өзара қонымды шешім қабылдай алмаған мәселелер жоқ. Қазір де солай болды. Біздің келіссөздер барысында екіжақты экономикалық күнтәртібіндегі мәселелерге айрықша назар аударылды. Қырғыз Республикасы Президентімен Минскіде кездескен сәттен бері көп уақыт өте қойған жоқ. Дегенмен, осы аралықта біздің үкіметтеріміздің арасында қол қойылған шекара, көлік, фитосанитария, ветеринария, салық және кедендік бақылау салаларындағы өзара іс-қимыл жөніндегі жол картасын орындау бойынша маңызды жұмыстар еңсерілді. Қазір бәрі де тұрақталуда», - деді Нұрсұлтан Назарбаев Қырғыз Президенті Сооронбай Жээнбековпен келіссөздерден кейінгі бірлескен мәлімдеме барысында.
Мемлекет басшысы Қырғыз елімен шекарадағы бұл шаралар ЕАЭО аясында қабылданған шарттарға сәйкес болу үшін қабылданғанын атап өтті.
«Нәтижесінде біздің шекарадағы ахуал тұрақталды. Өткізу пункттерінде көліктердің шоғырлануы жоқ, бұушылықтарп да кеми түсуде. Жол карталары жедел қысқамерзімді, сонымен бірге толық шешу үшін белгілі бір уақытта талап ететін жүйелі шаралардан тұрады. Осыған байланысты шағын құрамдағы жеке кездесуіміз барысында үкіметтерімізге аталған құжаттың әрбір пунктін рет-ретімен сапалы жүзеге асырылуын қамтамасыз ету тапсырылды», - деді Елбасы.