Қырғыз Республикасындағы шетелдік инвестицияның 51,7 пайызы Қазақстанның үлесінде
АЛМАТЫ. Маусымның 19-ы. ҚазАқпарат /Ерлік Ержанұлы/ - Қырғыз Республикасында шетелдік инвестицияның көлемі бойынша Қазақстан бірінші орында тұр.
Бұл бүгін Алматыда өтіп жатқан Қазақстан Парламенті Мәжілісі мен Қырғызстан Жогоргу Кенешінің арасындағы ынтымақтастық жөніндегі Парламентаралық комиссиясының 1-ші отырысында айтылды, деп хабарлайды ҚазАқпарат.«Қырғыз елінде қазір Қазақстанның екінші деңгейлі жетекші банктерінің 5 филиалы жұмыс жасайды. Былтыр республиканың банк жүйесі ұсынған несиенің 60 пайызы қазақстандық банктердің үлесіне тиді. Сондай-ақ қырғыз экономикасына инвестиция салған әлемнің 49 елінің ішінде Қазақстан бірінші орын алды. Ол 33,4 миллион АҚШ доллары көлемінде болып, қырғыз еліндегі шетелдік инвестицияның 51,7 пайызын құрады», дейді Қазақстанның Қырғыз Республикасындағы Төтенше және Өкілетті Елшісі Бақыт Оспанов. Оның айтуынша, Қазақстан тауар айналымының көлемі жағынан Қытай мен Ресейден кейін үшінші орында тұр. Мәселен, екі елдің арасындағы тауар айналымы 2007 жылы 516 миллион АҚШ доллары болған еді. 2008 жылы 608 миллион долларды құрады. Тараптар оны енді 1 миллиард долларға жеткізуге тырысуда. Бұған барлық негіз бар. Онда қазір қазақстандық капиталдың қатысумен 400-ден астам бірлескен кәсіпорын жұмыс жасауда.