Қырғыз Республикасының уақытша үкіметі сайлауалды науқанға қатысуды жоспарлаған үкімет мүшелерінің отставкаға кету қажеттілігі туралы мәселені әлі шешкен жоқ
БІШКЕК. Маусымның 4-і. ҚазАқпарат /Евгений Новиков/ - Қырғызстанның уақытша үкіметінің бейсенбі күні өткен кезекті мәжілісінде парламенттік сайлауға қатысуға ниетті үкімет мүшелерінің отставға кету қажеттілігі мәселесі бойынша пікірлер екіге бөлінді,
деп хабарлады уақытша үкіметтің баспасөз қызметінен.
Атап айтқанда, «Жогорку Кенешке өтетін сайлауға уақытша үкімет мүшелерінің қатысуының кейбір мәселелері туралы» декреттің жобасы туралы» баяндамасында Төтенше жағдайлар министрінің міндетін уақытша атқарушы Дүйшенқұл Чотонов, сайлауға қатысуға ниетті уақытша үкімет мүшелері қызметтерін босатулары керектігін айтты. Оның пікірінше, егер олар үкіметтің жұмысына әрі қарай атсалыса берсе, халықтың сенімін жоғалтады және сайлаудың ашық өтетіндігіне күмән туғызады.
Ал қаржы министрінің міндетін атқарушы Темір Сариев пен уақытша үкімет төрайымының орынбасары Әзімбек Бекназаров өз кезектерінде басқаша пікір айтты. Т.Сариевтің айтуынша, қазіргі таңда шешімді күтіп тұрған мәселелер көп, себебі уақытша үкіметтің әрбір мүшесі өз мойнына үлкен жауапкершілік алып отыр және олар елдегі жағдайға жауап берулері керек. Сондықтан да, олардың сайлау аяқталғаннан кейін қызметтерін босатқандары жөн, дейді ол.
Ал әріптестерінің айтқандарын қорытындылаған уақытша үкімет төрағасы, өтпелі кезең президенті Роза Отынбаева, сайлауға қатысқалы отырған уақытша үкіметтің мүшелері, отставкаға кеткеннен кейін де елді басқаруға атсалысулары керек екенін айтты. Президент, олардың үкімет отырыстарына қайсыбір мәселелер бойынша өз пікірлерін білдіретін консультациялық бюро ретінде қатысуларына болатынын пайымдады.
Уақытша үкімет мүшелері бұл мәселенің қаралуын келесі мәжіліске қалдыру туралы шешім қабылдады.
Уақытша үкімет төрайымының үш орынбасары да - Темір Сариев, Әзімбек Бекназаров және Өмірбек Текебаев - 2010 жылы қазанның 10-ында өтетін парламенттік сайлауға қатысу ниеттері туралы жариялап отыр.