Қырғыз тарапының өтініші бойынша Бәкиевтің қаржы кеңесшісі Е. Гуревичті іздестіру ісіне Қазақстан да кірісті
АСТАНА. Сәуірдің 22-сі. ҚазАқпарат /Айдар Оспанәлиев/ - Қырғызстанның бұрынғы президенті Бәкиевтің қаржы кеңесшісі Евгений Гуревичті іздестіру ісіне қырғыз тарапынның өтініші бойынша Қазақстан да кірісті.
Бұл туралы бүгін журналистермен болған брифингте Бас прокуратураның ресми өкілі Нұрдәулет Сүйіндіков мәлім етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
Аталмыш мәселеге байланысты журналистер тарапынан қойылған сауалдарға жауап берген ресми өкілдің сөзінше, Қырғызстан Е. Гуревичті қылмыстық әрекеті үшін іздестіруде. «Ал ол жақында Алматы қаласында ұсталды деген ақпарат жалған», деді Н. Сүйіндіков.
Оның сөзіне қарағанда, Қырғызстан тарапы сәуірдің 19 күні Бас прокуратураға Е. Гуревичті экстрадициялауға қолдау көрсету туралы өтініш жасаған.
«Осыған орай, Ішкі істер министрлігінің криминалдық полиция комитетіне Е. Гуревичті іздестіру жөнінде тапсырма берілді», деді Н. Сүйіндіков.