Қырғыз-тәжік шекарасындағы қақтығысқа тұрмыстық дау-дамай себепкер болды
АСТАНА. ҚазАқпарат - Қырғыз-Тәжік шекарасында орын алған қақтығыс шекара маңындағы ауыл тұрғындарының арасындағы тұрмыстық дау-дамайдан өршіген. Мұндай нұсқаны бүгін Қырғыз Республикасының ІІМ мәлімдеді.
Айта кетейік, мамырдың 7-сінен 8-іне қараған түнде қырғыз-тәжік шекарасының Баткен ауданында екі ел азаматтарының қатысуымен қақтығыс болып, қырғыз жағынан кемінде 20 адам зардап шеккен болатын. Тәжікстан жағынан қанша адам зардап шеккені туралы дәректер әзірге жоқ.
Қырғыз ІІМ хабарлауынша, 7 мамыр күні кешке Тәжікстанмен арадағы шекарада тәжікстандықтар мен қырғыз азаматтарының арасында дау туып, олар бір-бірін таспен атқылаған. Осыдан басталған толқуларға екі жақтан мың жарымдай адам қатысып, қырғыз шекарасы жағында жанармай құю стансасы, дүкен және жүк көліктері өртелген.
Төбелесті екі елдің шекарашылары мен құқық қорғау органдары бірге тоқтатуға күш салды. Оқиғаның өршіп кетуін алдын алу мақсатында олар аспанға оқ атқан.
Шекарашылар екі жақты тек 8 мамырдың түнгі сағат 3 кезінде ғана тыныштандырып, қақтығысты тоқтатқан. Қазіргі уақытта қырғыз-тәжік шекарасындағы жағдай бірқалыпты, Баткен-Исфана бағытындағы көлік қозғалысы қалпына келтірілді. Шекара маңындағы ауылдарда құқық қорғау органдарының қызметкерлері түсіндіру жұмыстарын жүргізуде. Оқиға орнына Қырғыз Республикасының ішкі істер министрінің орынбасары Құрсан Асанов келді.
Айта кету керек, мұндай оқиға Қырғызстан мен Тәжікстан шекарасында бірінші рет орын алып отырған жоқ. Мұндай жағдайдың негізгі себебі екі ел арасындағы шекарадағы делимитация және демаркация жұмыстарының әлі де болса толық бітпегені.