Қырғыздың тәртіп сақшылары Қазақстан халықаралық іздеу жариялаған азаматшаны ұстады
![None None](/static/img/plug.webp)
Бұл туралы бүгін журналистермен болған брифингте Ішкі істер министрлігінің тіл саясаты және ақпарат департаментінің бастығы Қуанышбек Жұманов мәлім етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
Оның айтуынша, аталмыш азаматша Қырғызстан астанасының «Манас» әуежайында қолға түскен. Азаматшаны Экономикалық қылмысқа және сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес агенттігінің Қарағанды облыстық департаментінің өкілдері жалған кәсіпкерлік пен заңсыз қаржыны заңдастырғаны үшін іздеп жүрген болатын. «Қазіргі таңда оны елге экстрадициялау мақсатында арнайы құжаттар дайындалып, олар Қырғызстанға жіберілмек», деді департамент бастығы.
Сонымен қатар ол мамыр айында Шығыс Қазақстан облыстық тәртіп сақшылары Риддер қаласында іздеуде жүрген тағы бір қылмыскердің қолға түскендігін жеткізді. Ұсталған азамат өткен жылдың қазан айында елдегі жауапкершілігі шектеулі серіктестіктердің бірінің басшысының көлігіне қарақшылық шабуыл жасап, көлік иесіне ауыр дене жарақатын салып, оның 19 мың АҚШ долларын алып кеткен. «Қазір қарақшының сыбайластарын ұстау бойынша шаралар жүргізілуде», деді Қ. Жұманов.