Қырғызстан 2012-2013 жылдарға БҰҰ Қауіпсіздік Кеңесінің тұрақты емес мүшелігіне сайланудан үмітті

БІШКЕК. Қазанның 21-і. ҚазАқпарат /Арнұр Рахымбеков/ - Бүгін Бішкекте Біріккен Ұлттар Ұйымы күніне орайластырылған мерекелік шаралар болып өтті. Аталмыш шараға ҚР президенті Роза Отынбаева, БҰҰ-ның Қырғызстандағы тұрақты үйлестірушісі Нил Волкер, республикада тіркелген дипломатиялық миссиялардың өкілдері, жоғары оқу орындарының ректорлары, елдің әр аймағынан келген студенттер қатысты.

Қырғызстан 2012-2013 жылдарға БҰҰ Қауіпсіздік Кеңесінің тұрақты емес мүшелігіне сайланудан үмітті

Өз сөзінде Н.Волкер атап өткендей, БҰҰ Қырғызстанның елдегі бейбітшілікті сақтау мен оны бекітуге бағытталған ұмтылыстарын қолдап отырады. Сондай-ақ, ол Ош пен Жалалабадта да жобаларды жүзеге асырмақшы. Елдің оңтүстігінде орын алған жағдайдан кейін БҰҰ тарапынан гуманитарлық көмек ретінде 50 млн. доллар аударылғаны белгілі.

Р.Отынбаева қатысушыларды БҰҰ-ның 65 жылдық мерейтойымен құттықтай келе, «Халықаралық қатынастар факультетінде оқитын біздің жастарымыздың ағылшын тілін сауатты әрі жақсы үйреніп алғаны мені қуантады. Сіздер - біздің болашағымызсыздар, тек сіздер ғана болашақта өзге елдермен мемлекетаралық қатынастарды орната аласыздар», деді.

Президент хабарлағандай, Қырғызстан 2012-2013 жылдарға БҰҰ Қауіпсіздік Кеңесінің тұрақты емес мүшелігіне сайлану үшін елеулі жұмыс атқарады. «Біздің барлығымыз да осы сайлау нәтижелерін тағатсыздана күтіп жүрміз. Әлемдік қауымдастық өткен парламенттік сайлаулардың ашықтығын қанағаттанарлықпен атап өтіп отыр, сайлау кезінде әкімшілік ресурсты пайдаланудың фактілері орын алған жоқ», - деп атап өтті ол.