Қырғызстан депутаттары есек етін өткізушілерге қатысты шаралар қабылдауды талап етті

БІШКЕК. ҚазАқпарат - Қырғызстанда сауда орындарында есек етінің пайда болуына байланысты қызған жанжал аясында парламент депутаттары «есек етін» өткізушілерге қатысты шаралар қабылдауды талап етті. Бұл туралы бүгін Жогороку Кенешінің отырысында «Ар Намыс» фракциясының өкілі Эсенгул Исаков мәлімдеді.

Қырғызстан депутаттары есек етін өткізушілерге қатысты шаралар қабылдауды талап етті

Бұл туралы ҚазАқпарат тілшісі хабарлайды. «Кеше мұны күллі БАҚ жазды. Бізде жаппай есек етін тұтынатындай әсер қалдырады. Бұл істі қолға алдық. Енді қашанға дейін созыла бермек. Бұл ет нарыққа түсіп, одан қоғамдық тамақтану орындарына баруын күтеміз бе? Мәселе қоғамды алаңдатуда. Бүгін ветеринарлық инспекцияны, вице-премьерді, ауыл шаруашылығы министрлігін шақырыңдар, осы сұрақтың жауабын берсін. Мүмкін біз есек етін тұтынып жүрген шығармыз? Мен жануарларды бірдейлендіруді жеделдету жайлы бірнеше рет айтқан болатынмын», - деп талап етті депутат.

Парламентарийдің талабын ҚР ЖК басқа депутаты Исмаил Исаков та қолдады. Ол аталған шенеуніктердің түсінік беруге шақыруын талап етті.

Жуырда «Ала-Тоо» бағдарламасының журналистері Манас ауылынан жүздеген есек еті қойылған сарайды тапқаны белгілі болды. Сокулук АІІБ жедел тобының деректеріне сүйенсек, бұл ет Бішкектің белгілі дәмханасына жеткізілген.

«Кайтал» есек етін өңдеуші цехтың иесі Алмаз Такырбашев бүгін болған баспасөз конференциясында «менің цехымнан есек еті бірде-бір шайхана немесе дәмханаға жеткізілген емес» деп мәлімдеді. Жергілікті әкімшіліктің шешімімен фирма қызметі тексеру үшін уақытша тоқтатылды.

Әлеуметтік желілерде бұл жаңалық қоғамның наразылығын тудырды. Бішкек тұрғындары бұл жаңалықты жаппай талқылауда.