Қырғызстан елді облыстарға бөлуді жоймақ
АСТАНА. 17 наурыз. ҚазАқпарат - Қырғызстанда жүргізілетін әкімшілік реформалардың нәтижесінде елді облыстарға бөлу жойылады. Бұл туралы K-News агенттігі хабарлады.
Агенттік ақпараты бойынша, тиісті ереже әкімшілік-аумақтық құрылым жүйесін реформалау тұжырымдамасында қамтылған. Ал бұл тұжырымдаманы 15 наурыз күні мемлекеттік басқару жүйесін оңтайландыру жөніндегі комиссия мақұлдады.
Қазіргі уақытта Қырғызстанның әкімшілік құрылымы басқарудың орталық, облыстық, аудандық және муниципиалды деп аталатын 4 деңгейінен тұрады. Реформа аясында облыстық деңгейді алып тастау ұсынылады. Құжат авторларының пайымынша, бұл басқарудың артық буынын алып тастауға және соның есебінен басқару шығыстарын қысқартуға мүмкіндік береді. Сондай-ақ бұл бастама жемқорлықтың төмендеуіне де әсер етеді деп болжануда. Әкімшілік реформалауды 2017 жылға дейін жүзеге асыру жоспарлануда.
Қазіргі уақытта Қырғызстан әкімшілік жағынан Шу, Ыстықкөл, Талас, Нарын, Джалал-Абад, Ош және Баткен облыстарына бөлінеді.