Қырғызстан электр энергиясын тұтыну бойынша рекорд жаңартты
БІШКЕК. ҚазАқпарат – Қырғызстан соңғы үш күнде электр энергиясын тұтыну бойынша рекорд жаңартып келеді. Бұл туралы Кабар агенттігінде өткен баспасөз мәслихатында Энергетика вице-министрі Мирлан Жақыпов мәлім етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат Кабар ақпарат агенттігіне сілтеме жасап.
Оның айтуынша, елдегі қалыптан тыс суықтың салдарынан энергетика жүйесіне жүктеме артты. Мұндай жағдай кеңестік кезеңнен бері байқалмаған.
«Өткен тәулікте 76 млн киловатт сағат тұтынылды. Соңғы бірнеше күні кешкі уақытта энергия жүйесі қолданыстағы қуат шегінде жұмыс істеп тұр, бұл жылу беру маусымында рұқсат етілмейді. Жабдықтардың қауіпсіз жұмыс істеуін қамтамасыз ету және төтенше жағдайларды болдырмау үшін елдің түкпір-түкпірінде энергетиктер су электр станциялары мен қосалқы стансаларда тәулік бойы кезекшілік атқаруда», - деді ол.Оның айтуынша, апаттық өшіру болған жоқ.
Фото: kabar.kg