Қырғызстан қазақтары қауымдастығы 30 жылдығын атап өтуде
БІШКЕК. ҚазАқпарат - Бішкекте Абай Құнанбайұлы атындағы қырғыз-қазақ мәдени орталығында «Қырғызстан қазақтары қауымдастығы» қоғамдық бірлестігінің 30 жылдығына арналған «Қазақстан-Қырғызстан: достық пен ынтымақтастықтың 30 жылы» тақырыбында дөңгелек үстел отырысы өтті, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
Шараға Қырғызстан Республикасы Мәдениет, ақпарат, спорт және жастар саясаты министрінің орынбасары Самат Шатманов, Халық жазушысы және Қазақстан Республикасының Қырғызстандағы тұңғыш Елшісі Мұхтар Шаханов, Қырғызстан Республикасы халқы Ассамблеясының төрағасы Абдығаны Эркебаев, «Отандастар қоры» КЕАҚ президенті Абзал Сапарбекұлы, мемлекет және қоғам қайраткері Сайлау Батыршаұлы, Қазақстан Республикасының Қырғызстан Республикасындағы Елшісі Рәпіл Жошыбаев, Қырғыз дипломатиялық академиясының проректоры Зайнидин Құрманов, «Отандастар қорының» жоба үйлестірушісі, тарих ғылымдарының докторы Қалыбек Қобыландин, «Қырғызстан қазақтары қауымдастығы» қоғамдық бірлестігінің төрайымы Гүлшат Асылбаева, сондай-ақ саяси, ғылыми және қоғамдық-іскерлік топтардың басқа да өкілдері, қазақстандық дипломаттар мен Қырғызстандағы қазақ диаспорасының өкілдері қатысты.

«Отандастар қорының» президенті Абзал Сапарбекұлы екі мемлекет арасындағы достық пен ынтымақтастықты нығайтуға бағытталған мұндай кездесулердің маңыздылығын атап өтті. Қазақстан мен Қырғызстан арасындағы достық байланыс, ортақ тарих, шығармашылық және мәдени байланыстар, тіл, дін және дәстүр стратегиялық, саяси және экономикалық әріптестіктің дамуына ықпал етеді. Бүгінгі шара – бауырлас елдердің ұлы достығының «алтын көпірі», - деді ол.
Дөңгелек үстел барысында қатысушылар тарихи тұлғалардың, ұлт зиялылары өкілдерінің екі елдің мәдениеті мен ғылымының дамуына қосқан үлесін талқылады.
Қырғызстан Республикасының саясат және мемлекет қайраткері Медетқан Шерімқұлов бауырлас халықтардың тарихи-географиялық жақындығына тоқталып, олардың ортақ гүлденуіне қосар үлесін атап өтті.

«Қырғыздар мен қазақтар – бауырлас халық. Тілі, мәдениеті, тарихы жағынан олар өте жақын. Бүгінгі таңда екі ел арасындағы қарым-қатынас мемлекетаралық дамудың жоғары деңгейіне көтерілді. 30 жыл ішінде екі республиканың қарым-қатынасы, әсіресе, экономикалық, сауда-қаржылық ынтымақтастығы жағынан жақындай түсті. Екі мемлекет арасындағы мәдени-гуманитарлық, білім беру байланыстары ежелден дамып келеді. Жуырда Астанада Қырғызстан Республикасының Қазақстандағы мәдениет күндеріне екі мемлекет басшылары С.Жапаров пен Қ.Тоқаев, сондай-ақ Еуропалық Одақтың Президенті Ш.Мишель қатысты. Қазақстан жылы қарсы алып, қонақжайлық танытты. Бауырлас елдер арасындағы мұндай қарым-қатынас алдағы уақытта да жалғасын табады деп ойлаймын», - деді ол.
Өз кезегінде сөз алған «Қырғызстан қазақтары қауымдастығы» қоғамдық бірлестігінің төрайымы Гүлшат Асылбаева Қырғызстан Республикасы мен Қазақстан Республикасы арасындағы екіжақты ынтымақтастықты дамытудағы қазақ диаспорасының рөлі мен үлесіне тоқталды.
«Жеті миллион халқы бар Қырғызстанда 30-дан астам этностың өкілдері бірге тұрады, бірақ қазақтар – Қырғызстанның дамуына өзінің лайықты үлесін қосып, титулды ұлтқа ең генетикалық және психикалық жақын. Асыра айтпай-ақ айта кетейін, қазақ халқының өкілдері 70 жылдық кеңестік және қазіргі кезеңде Қырғызстанның экономикасы, мәдениеті, өнері, медицинасы, білім беруі сияқты көптеген салаларда дамуына зор үлес қосты. Қазақ ұлтының белгілі өкілдерінің арасында саясаткерлер, бизнесмендер, спорт қайраткерлері де бар. Қазақтар қауымдастығы маңызды миссияны орындай отырып, дәстүрлі, тарихи әдет-ғұрыптарды сақтауға, Қазақстан мен Қырғызстан арасындағы мәдени диалогтың көпірі болуға және азаматтық татулықты одан әрі сақтау мен нығайту, достық пен ұлтаралық келісімді нығайту мәселелерін шешуде оң рөл атқаруға тырысады», - деді Г. Асылбаева.
Қырғызстандағы мерейтойлық шара К.Әзірбаев атындағы Жамбыл облыстық филармониясы шығармашылық ұжымының қатысуымен концертпен жалғасты.






