Қырғызстан мен ҚХР-дың өзара сауда-саттығына қатысты мәліметтер сәйкес келмейді - Сағынтаев
АСТАНА. ҚазАқпарат - Қазақстан Республикасының Премьер-Министрі Бақытжан Сағынтаев Еревандағы Еуразиялық үкіметаралық кеңестің кеңейтілген отырысында 2015-2017 жылдар бойынша ҚХР мен Қырғызстан өзара сауда-саттығының кедендік статистика мәліметтерінде елеулі айырмашылықтың барын мәлім етті, деп хабарлайды «ҚазАқпарат» ХАА тілшісі.
«Қытай тарапының сыртқы саудаға қатысты статистика мәліметіне сүйенсек, Қытайдан Қырғызстанға 2015 жылы 4,3 млрд АҚШ долларының тауары экпортталған. Ал Қырғызстанның статистикалық мәліметі Қытайдан келген импорттың мөлшерін 1 млрд АҚШ долларына тең деп отыр. Айырмашышылық - 3,3 млрд АҚШ доллары. 2016 жылы Қытайдың мәліметі бойынша экспорт 5,6 млрд АҚШ долларын көрсетсе, қырғыз тарапы импорттың мөлшерін 1,5 млрд АҚШ доллары деген мәліметті келтіреді. Айырмашылық, өздеріңіз көріп отырғандай, 4,1 млрд АҚШ доллары», - дейді ҚР Премьер-Министрі.
Бақытжан Сағынтаев өз сөзінде тек Қытаймен ғана емес, қырғыз тарапының мәліметтері Қазақстанмен де қарама-қайшы екенін атап өтті.
Еске сала кетейік, бүгін Ереванда өткен Еуразиялық үкіметаралық кеңестің отырысына Қазақстан, Армения, Қырғызстан, Ресей және Беларусь елдерінің үкімет басшылары қатысқан болатын .
Фото: primeminister.kz