Қырғызстан мен Тәжікстан шекарадағы қақтығыс аймағынан әскерилерді шығаруға келісті
АСТАНА. 14 қаңтар. ҚазАқпарат - Қырғызстанның Баткен қаласында өткен келіссөздер барысында Қырғызстан мен Тәжікстан шекарадағы қақтығыс аймағынан әскери бөлімдер мен басқа арнайы құрылымдарды шығаруға уағдаласты.
Бұл туралы ИТАР-ТАСС-тың тілшісіне 14 қаңтар күні Қырғызстанның мемлекеттік шекара қызметінің қоғаммен байланыс бойынша бөлімінен хабарлаған.
«Бұл кездесуде Қырғызстан тарапын мемлекеттік шекаралық қызметі төрағасының бірінші орынбасары Искендер Мамбеталиев және ішкі істер министрінің орынбасары Курсан Асанов басқарды, - деп мәлімдеді бөлімде. - Ал Тәжікстан тарапын Ұлттық қауіпсіздік мемлекеттік комитетінің шекара әскерінің басшысы Раджабали Рахмонали басқарды».
Еске сала кетсек, ағымдағы жылдың 11 қаңтарында Қырғызстанның Баткен облысының Ақ-Сай ауылының маңында екі ел шекарашыларының арасында атыс болған еді. Қақтығыс салдарынан қырғыздардан алты адам, тәжіктерден екі адам жарақаттанды.