Қырғызстан милициясы халықтан заңсыз сақталып отырған қару-жарақтарды сатып алуда

Ішкі істер басқармасының баспасөз қызметінен хабарлағандай, қару-жарақты тапсырғандарды ақшалай сыйлық күтіп тұр. Автомат үшін - 10 мың сом (шамамен 200 доллар), түрлі үлгідегі тапанша үшін 5 мың сом (100 доллар), граната және аңшы мылтығы үшін 2 мың сомға дейін сыйақы қарастырылып отыр.
Күш-қуат құрылымдары өткен жылдың маусым айында орын алған қайғылы жағдай болған шақта және одан кейін осындай іс-шара өткізіп, сол оқиғалар кезінде халықтың қолына түсіп қалған қорғаныс министрлігінің, шекара қызметі мен құқық қорғау органдарының қару-жарақтарын тапсыруға үндеу тастаған еді.
Қолдағы деректер бойынша, әзірге үш адам ғана екі автомат пен бір тапанша тапсырған.
«Қару-жарақтарды тапсырғандардың аты-жөндерін жария етпеуге кепілдік береміз», - дейді ішкі істер басқармасындағылар.