Қырғызстан Парламенті бүгін премьер мен министрлер кабинетін сайлайды
АСТАНА. ҚазАқпарат - Қырғызстан Парламенті бүгін елдің 29 министрін сайлайды. Осындай шешім Қырғызстан Республикасы Парламентінің отырысында қабылданды, деп жазады КирТАГ.
Парламент отырысында Торобай Зүлпүқаров коалиция фракциясы Сооронбай Жээнбековті үкімет басшылығына тағайындау мәселесін қарастырғанын, коалиция оның кандидатурасын қолдағанын айтты.
«Коалиция фракциясы Сооронбай Жээнбековті үкімет басшылығына тағайындау мәселесін қарастырды, коалиция оның кандидатурасын қолдады. Бүгін профильді комитет оның кандидатурасын талқылайды. Содан кейін премьерді сайлауға кірісуді ұсынамын», - деді ҚСДП фракциясының депутаты Торобай Зүлпүқаров.
Депутаттар оның ұсынысын бірауыздан қолдады.
Палата ҚР Премьер-министрін сайлауға түстен кейін кіріседі.
Еске сала кетейік, аптаның басында Темір Сариев Балықшы-Корумду күре жолы құрылысының тендеріне қатысты болған жанжалға байланысты министрлер кабинеті басшысының өкілеттігінен өз еркімен бас тартты.