Қырғызстан Парламенті жаңа үкіметін сайлады
БІШКЕК. ҚазАқпарат - Бейсенбі, 3 сәуірде, Қырғызстанның Жогороку кенешінің пленарлық отырысында депутаттар Жоомарт Оторбаевты елдің Премьер-Министрі лауазымына және үкіметтің жаңартылған құрамын сайлауға дауыс берді.
Еске сала кетейік, 31 наурызда парламенттің үш фракциясы ҚӘДП, «Ар-Намыс» және «Ата Мекен» «Мемлекеттілікті нығайту үшін» атауымен жаңа парламенттік көпшілік коалициясын құру туралы келісімге қол қойды. Коалициядан Үкімет басшысы лауазымына үміткер ретінде Премьер-Министрдің міндетін атқарушы болып келген Жоомарт Оторбаевтың кандидатурасы ұсынылды.
Екінші сәуірде Қырғыз Республикасының Жогороку Кенешінің адам құқығы, конституциялық заңнама және мемлекеттік орнығу комитеті үкіметтің бағдарламасын, құрылымын және елдің Премьер-Министрі орынтағына Ж. Оторбаевтың кандидатурасын мақұлдады.