Қырғызстан Парламентінің төрағасы өкілеттілігін өз еркімен тоқтатты

БИШКЕК. 13 желтоқсан. ҚазАқпарат /Арнұр Рахымбеков/ - Дүйсенбі күні кешке қарай Қырғызстан Жогорку Кенеші ұлттық парламентінің төрағасы Ахматбек Келдібеков өкілеттілігін өз еркімен тоқтату жөнінде шешім қабылдады.

Қырғызстан Парламентінің төрағасы өкілеттілігін өз еркімен тоқтатты

12 желтоқсан күні болған Парламенттің кезектен тыс отырысында депутаттар «А.Келдібековтың Қырғыз Республикасының Жогорку Кенеш Төрағасы ретіндегі лауазымын бағалау туралы» депутаттық комиссияның қорытындысын зерттеуді елеусіз дәлелдер мен А.Келдібековтың өз еркімен қызметтен кету себебімен қарастырмау жөнінде шешім қабылдады.

Бұған дейін Қырғызстанның бес партиясының бірі «Атамекеннің» депутаттары А.Келдібековтың өз лауазымында қызметтік өкілеттігін теріс пайдалануы бойынша бірқатар мәселелер көтерген еді. Нәтижесінде аталған айыптауларды қарастыратын арнайы комиссия құру шешімі қабылданды. Комиссия құрамына әрбір бес фракцияның бір өкілі кірді: Құрмантай Әбдиев, Қаныбек Иманалиев, Кенжебек Боқоев, Райқан Толоғонов, Еркінгүл Иманқожаева. Комиссияның төрағасы Қаныбек Иманалиев болып тағайындалды.

Парламент төрағасы қызметін зерттеуден кейін Жогорку Кенеш депутаттары Қ.Иманалиев пен Қ.Әбдиев атқарылған жұмыстың нәтижесін баяндады және Парламент төрағасының өзі айыптаулардың барлық пункттері бойынша түсініктеме берді. Осыған орай депутаттық комиссия мүшелерінің пікірлері екі жарылып кетті.

Қырғыз парламентіндегі белсенді жарыссөздердің барысында комиссия мүшелері мен Парламент төрағасы А.Келдібековке бірнеше сұрақтар қойылды. Нәтижесінде, фракция көшбасшыларымен кеңескен соң Парламент депутаттары Жогорку Кенеш Төрағасы А.Келдібековтың мардымсыз дәлелдер мен өз еркімен қызметтен кету себебімен Комиссия қорытындыларын қарастырмау туралы шешім қабылдады.

Жогорку Кенеш Төрағасы Ахматбек Келдібеков ресми мәлімдеме жасап, онда ол «тарихи оқиғалардан кейін Қырғызстан халқы басшылықтан саяси тұрақтылықты, қырғызстандықтар өмірінің деңгейін жақсарту мақсатында экономикалық және әлеуметтік дамуды талап етуге қақылы» деп атап өтті.