Қырғызстан пияз экспортына салынған тыйымды алып тастады
БІШКЕК. Кабар – ҚазАқпарат – Қырғызстанның ауыл шаруашылығы министрлігі пиязды елден шығаруға қойылған тыйымды алып тастады, деп хабарлайды ҚазАқпарат Кабар агенттігіне сілтеме жасап.
Мекеме мәліметі бойынша, 3 наурызынан бастап пиязды Қырғызстаннан шығаруға қойылған уақытша шектеу алынып тасталды.
Естеріңізге сала кетейік, тыйым 2023 жылдың 31 қаңтарынан бастап үш ай мерзімге енгізілген болатын.
Ал ақпанның соңында елден пияз әкетуге салынған тыйымды алып тастау ұсынылып, жоба қоғамдық талқылауға шығарылды.
Құжатқа сәйкес, бүгінгі таңда Қырғызстан шаруаларында 50 мың тонна пияз қоры бар, ал халық қажеттілігі айына 6 мың тонна.
Мораторийді алып тастау үшін, азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз ету талаптарына сәйкес, елде осы азық-түліктің тоқсан күндік қоры болуы тиіс екені хабарланған.