Қырғызстан Премьер-Министрі Қытай арқылы мемлекеттік шекараны бұзып кірген топты жоюға тапсырма берді
АСТАНА. 23 қаңтар. ҚазАқпарат - Қырғызстан Премьер-Министрі елдің күш-қуат құрылымдарына Қытай арқылы мемлекеттік шекараны бұзып кірген топты жоюға тапсырма берді, деп хабарлады «24.kg» ақпарат агенттігі.
Олардың мәліметінше, Жанторо Сатыбалдиев «Ақ-Шыйрақ» шекара учаскесінде орын алған ахуалмен толық таныс және күш-қуат блогына жауапты вице-премьер Токан Мамытовқа жағдайдың ушығып кетуіне жол бермеуге әрі қырғыз шекарашыларына оқ атқан белгісіз топтың көзін жоюға тапсырған.
Алдын ала мәліметтер бойынша бүгін үкімет аталған оқиғаға қатысты жедел жиын өткізеді.
Естеріңізге сала кетейік, ҚР Мемлекеттік шекара қызметінің мәліметтеріне қарағанда, бүгін Ыстықкөл учаскесінде Қырғызстанның шекара жасағы мен белгісіз адамдар арасында қарулы қақтығыс болды. Кейбір деректерге қарағанда, шабуылдаушылар аңшы шаруашылығының жұмысшысын өлтіріп, оның қаруын алған. Оқиға орнынан жеткен шекарашылар мен топ арасындағы қақтығыс кезінде 2 құқық бұзушы мерт болды. Ал қалғандары қоршауда қалып отыр.