Қырғызстан Президенті АҚШ Мемлекеттік департаментінің «Ерлігі үшін» халықаралық сыйлығын алды
АСТАНА. 9 наурыз. ҚазАқпарат - Қырғыз Президенті Роза Отынбаева АҚШ Мемлекеттік департаменті тағайындаған «Ерлігі үшін» мемлекеттік сыйлығымен марапатталды.
"Бұл награда әлеуметтік әділеттік және адам құқықтарын сақтау жолындағы күресте көрсетілген ерліктері және көшбасшылық қасиеттері үшін танымал әйелдерге беріледі", - деп хабарлады «РИА «Новости» агенттігі.
Шетелдік басылымдардың хабарлауынша, қырғыз президентіне награданы АҚШ Мемлекеттік хатшысы Хиллари Клинтон табыс етті. Салтанатты рәсімге АҚШ-тың бірінші ханымы Мишель Обама қатысты.
Айта кету керек, 2010 жылы осы наградамен марапатталған өзбектің танымал құқық қорғаушысы Мутабар Тәжібаева Қырғызстан Президенттінің марапатталуына наразылық білдіріп, өз сыйлығын АҚШ өкіметіне қайтарып беру туралы шешім қабылдады. Құқық қорғаушының айтуынша, 2010 жылдың маусым айында Қырғызстанның оңтүстігінде болған ұлтаралық қанды қақтығыс үшін жауапкершілік мемлекет басшысы ретінде Отынбаеваның мойнына жүктеледі.