Қырғызстан президенті қазақстандықтарды Астананың 20 жылдығымен құттықтады

АСТАНА. ҚазАқпарат - Қырғызстан президенті Сооронбай Жээнбеков қазақстандықтарды Астананың мерейтойымен құттықтады. Қырғызстан басшысының видеоқұттықтауын Қазақстан Президентінің Телерадиокешені жариялады, деп хабарлайды «ҚазАқпарат» ХАА тілшісі. 

Қырғызстан президенті қазақстандықтарды Астананың 20 жылдығымен құттықтады

«Сіздерді бауырлас Қазақстанның даңқты елордасы - Астананың мерейтойымен шын жүректен құттықтаймын. Астана - бізге туысқан мемлекеттің саяси және экономикалық жетістіктерінің қаласы. Ол елдің артып келе жатқан қуаты мен болашақтағы өркендеу әлеуетін көрсетеді», - деді Сооронбай Жээнбеков.

Қырғыз Республикасының басшысы Астананың дамуы тәуелсіз Қазақстанның қалыптасу тарихының құрамдас бөлігі екенін атап көрсетті.

«Астана алдағы уақытта да тәуелсіз Қазақстанның, оның көпұлтты халқының бірлігінің, жасампаздық күш-қуатының символы ретінде дами берсін, гүлдене түссін. Туысқан Қазақстан халқына амандық, бейбітшілік және гүлдену тілеймін», - деді ол.