Қырғызстан президенті коронавируспен күрестегі ОА елдерінің өзара іс-қимылын жақсартуды ұсынды

ТҮРІКМЕНБАШЫ. ҚазАқпарат – Қырғызстан президенті Садыр Жапаров Түркіменстанның Түрікменбашы қаласында өткен Орталық Азия мемлекеттер басшыларының Консультативтік кездесуінде сөйлеген сөзінде Орталық Азия елдерінің коронавирус инфекциясымен күрестегі өзара іс-қимылын жақсарту бойынша бірқатар ұсыныс айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат Кабар агенттігіне сілтеме жасап.

Қырғызстан президенті коронавируспен күрестегі ОА елдерінің өзара іс-қимылын жақсартуды ұсынды

Садыр Жапаров пандемиямен күрес жөніндегі жұмыстың маңызды аспектісі пандемияға, ең алдымен Еуразиялық экономикалық одақ және Тәуелсіз Мемлекеттер Достастығы елдерімен ден қою жөніндегі халықаралық өзара іс-қимылды нығайту және кеңейту болғанын атап өтті.

Осыған байланысты Садыр Жапаров ерекше назар аударуды талап ететін өзара іс-қимылды жақсарту бойынша бірқатар ұсыныс айтты. Атап айтқанда, бұл – вакцинация мәселелері.

«Қырғыз тарапы көрші елдердің дәстүрлі медицина орталықтарын құру туралы, сондай-ақ денсаулық сақтау жүйелері арасындағы, оның ішінде медицинаны, телемедицинаны цифрландыру, зертханалар салу, кадрлар даярлау және қоғамдық денсаулық сақтаудың жоғары тиімді және қуатты жүйесін бірлесіп құру үшін ақпарат алмасу саласындағы ғылыми-практикалық ынтымақтастықты одан әрі дамыту бастамаларын қолдайды. Сондай-ақ, тест нәтижелерін, COVID-19 вакцинациясының сертификаттарын немесе төлқұжаттарын өзара тану мәселелерін шешу қажет», - деді Қырғызстан президенті.

Қырғызстан басшысы сонымен қатар қырғыз тарапының келесі Консультативтік кездесуді 2022 жылы Қырғыз Республикасында өткізуге дайын екенін атап өтті.