Қырғызстан Президенті ұлттық арнайы қызмет мамандарынан басқа елдің барлаушыларымен белсенді өзара іс-қимыл орнатуды тапсырды

БІШКЕК. 4 ақпан. ҚазАқпарат /Арнұр Рахымбеков/ - Бішкекте ел президенті Роза Отынбаеваның қатысуымен Қырғызстанның Мемлекеттік ұлттық қауіпсіздік комитетінің алқа отырысы болып өтті.

Қырғызстан Президенті ұлттық арнайы қызмет мамандарынан басқа елдің барлаушыларымен белсенді өзара іс-қимыл орнатуды тапсырды

Отырысқа сондай-ақ республикалық құқық қорғау органдарының жетекшілері де қатысты. Қырғызстан басшысы Мемлекеттік ұлттық қауіпсіздік комитетінің алдағы жылғы негізгі міндеттері айқындалған сөз сөйледі.

Р.Отынбаева бүгінгі таңда ел қауіпсіздігі ең өзекті мәселелердің бірі болып табылады деп атап өтті. «Ең қиын кезеңдер артта қалды. Елдің оңтүстігінде болған қайғылы оқиғалар барлығымызды дүр сілкіндірді. Бұл оқиғаларда сіздер ел тұтастығын, халық бірлігін сақтадыңыздар», - деді Қырғызстан президенті.

Қырғызстан Мемлекеттік ұлттық қауіпсіздік комитеті қызметінің басты бағыттары ретінде ел президенті ұйымдасқан қылмысқа қарсы күресті атап көрсетті. Маусым айында қантөгіс болған елдің оңтүстігіндегі тұрғындар әлі күнге дейін жағымсыз зардаптарды көріп келеді.

Қырғызстан басшысы сондай-ақ алғашқы орында лаңкестік тұратын Қырғызстанның сыртқы қауіпсіздік факторларына тоқталды. Ел президенті басқа елдердің барлаушыларымен белсенді түрде ынтымақтастық орнатуды тапсырды, ол үшін Мемлекеттік ұлттық қауіпсіздік комитетінің қызметкерлері шет тілдерді меңгеруі қажет. «Қырғызстан-Тәжікстан шекарасын біз көзіміздің қарашығындай күзетуіміз қажет. Осы бағытта біз қажетті қаржыны аямауымыз керек», - деп атап өтті Қырғызстан Президенті.