Қырғызстан Президентінің Дүниежүзілік банк және Халықаралық валюта қорының басшылығымен кездесуінде ынтымақтастықты кеңейту мәселелері талқыланды

БІШКЕК. 28 қаңтар. ҚазАқпарат /Арнұр Рахымбеков/ - Бішкекте Қырғыз Республикасының Президенті Роза Отынбаева Дүниежүзілік банктің атқарушы директоры Мишель Мордасинимен және Халықаралық валюта қорының атқарушы директоры Рене Вебермен кездесті.

Қырғызстан  Президентінің   Дүниежүзілік банк  және   Халықаралық  валюта  қорының  басшылығымен  кездесуінде  ынтымақтастықты кеңейту  мәселелері  талқыланды

Қырғыз тарапынан бұл кездесуге ҚР Президенті Аппаратының сыртқы байланыстар және хаттама бөлімінің меңгерушісі Эринес Оторбаев пен елдің қаржы министрі Чоробек Имашев қатысты.

Жүздесу барысында Қырғызстан басшысы 2010 жылы 27 шілдеде Бішкекте өткен «Қырғыз Республикасына төтенше көмек» донорлар конференциясының жұмысына белсенді атсалысқаны үшін Дүниежүзілік банк пен Халықаралық валюта қорына алғыс білдірді.

Р.Отынбаева сондай-ақ елдің әлеуметтік-экономикалық дамуының негізгі қорытындылары туралы, өткен жылы елде болған маңызды оқиғалар жайлы әңгімелеп берді.

Дүниежүзілік банктің атқарушы директоры өз кезегінде, ағымдағы ынтымақтастық мәселелерін талқылау үшін Қырғызстанға Банктің Таяу Шығыс және Орталық Азия елдері департаменті миссиясының сапармен келе жатқанын жеткізді.

Кездесу барысында ынтымақтастықты нығайту мен кеңейтудің басқа да өзекті мәселелері талқыланды.