Қырғызстан уақытша үкіметінің басшысы ҰҚШҰ Бас хатшысымен келіссөздер жүргізді
БІШКЕК. Маусымның 25-і. ҚазАқпарат /Евгений Новиков/ - Қырғызстан уақытша үкіметінің басшысы Роза Отынбаева бүгін Ұжымдық қауіпсіздік шарты ұйымының Бас хатшысы Николай Бордюжамен кездесті.
Келіссөздер қорытындысы бойынша баспасөз мәслихатында Р.Отынбаева республиканың оңтүстігіндегі жағдайды тұрақтандыруда ҰҚШҰ мүше-мемлекеттерінің Қырғызстанға жәрдемдесу жөніндегі күш-жігерінде қосымша шараларды жүзеге асырумен байланысты мәселелер қаралғанын атап өтті.
Н.Бордюжа өз кезегінде ҰҚШҰ қатысушылары Қырғызстанның құқықтық, күш-қуат құрылымдарына оңтүстік облыстарда тәртіпті жөнге салуда, жанжалдарды, құқыққа қарсы әрекеттерді бастаушыларды, айдап салушыларды және ұйымдастырушыларды ауыздықтауға жәрдемдесу жөніндегі шешімді қолдайтынын айтты. «Сондай-ақ әртүрлі өсек-аяң мен арандатушылықты болдырмау мақсатында ақпарат ағынымен жұмыс жүргізіледі», - деді ол.
Оның айтуынша, Ош және Жалалабад облыстары аумағында орналастырылатын уақытша жедел топ құрылады және елдің күш-қуат құрылымдарымен өзара іс-қимыл жасап, оларға республиканың оңтүстігіндегі тұрақтылықты қамтамасыз етуде туындаған проблемаларды шешуге жәрдемдесетін болады.
Журналистердің сұрақтарына жауап қайтара келіп, Н.Бордюжа, атап айтқанда, ҰҚШҰ-ға қажетті рәсімдерді өткізу үшін біршама уақыт қажет болғанын айтты және одан кейін Қырғызстанның құқық қорғау және күш-қуат құрылымдарына көмектесу және жәрдемдесу жөнінде шешім қабылданғанын атап өтті.