Қырғызстан Үкіметі еңбек мигранттарының арасынан сұранысқа ие мамандарды қайтаруға мүдделі
БІШКЕК. 22 шілде. ҚазАқпарат /Арнұр Рахымбеков/ - Қырғызстанда республиканың вице-премьер министрі Ибрагим Жүнісовтің қатысуымен шетелдегі қырғыз диаспоралары өкілдерінің конференциясы өтуде.
Вице-премьер-министр Қырғызстан үкіметінің мигранттары еңбек етіп жүрген елдердің билік құрылымдарымен отандастарының елге қайту шарттарын жақсарту бойынша атқарып жатқан жұмысына назар аудартты.
Оның айтуынша, көптеген қырғыз мигранттары тиісті рұқсат құжатынсыз ел аумағынан тыс жерде жұмыс істейді.
«Қазіргі таңда үкімет күн көріс үшін шетелге шығып жұмыс істейтін қырғыз азаматтарын кәсіби лицейлерде оқыту шараларын қолға алуда, мұндағы мақсат - оларды жұмысқа икемдеп, белгілі бір мамандық бойынша сертификат беру», - деп атап өтті И.Жүнісов.
Сондай-ақ вице-премьер-министр көші-қон мәселелеріндегі басты проблема - Қырғызстан ішіндегі тұрақсыз экономикалық жағдай деп атап өтті.