Қырғызстанда 150 баланы асырап өсірген әжей қайтыс болды
АСТАНА. ҚазАқпарат - Қырғызстанда 91 жасына қараған шағында Токтогон Алтыбасарова есімді кейуана дүниеден озды.
Ол екінші дүниежүзілік соғыс кезінде фашистердің блокадасында қалып қойған 150 баланы асырап алған еді.
Ел басына күн туған қиын-қыстау кезде тылда жүріп осындай ерліктің ерен үлгісін көрсеткен, жат құрсақтан шыққан 150 балаға аналық мейірімін төккен кейуананың қазасына байланысты Қырғызстан президенті Алмазбек Атамбаев оның туған-туыстарына көңіл айтты.
Ыстықкөл облысына Ленинградтан әкелінген балаларды бөлу кезінде оның жасы бар-жоғы 16-да болатын. Соғыстан кейін асырап алған балалары жан-жаққа кетті. Асырап алған балаларынан бөлек майдангер күйеуінен сегіз бала, 23 немере және 13 шөбере тәрбиеледі. Кейуана Ыстықкөл облысындағы өзінің туған Құрменті ауылында жерленді, деп жазады islam.kz.