Қырғызстанда апатқа ұшыраған Боинг ұшқышы ұшақты 2 рет қондырмақ болған
АСТАНА. ҚазАқпарат - Қырғызстанның «Манас» әуежайына таяу жерде апатқа ұшыраған Боинг ұшқышы ұшақты 2 рет қондырмақ болған. Бұл жайында ҚазАқпараттың Бішкектегі арнаулы тілшісі Мәдибек Жәнібеков хабарлады.
ҚазАқпарат тілшісіне Қырғызстанның Азаматтық авиация агенттігі басшысының орынбасары Бақыт Джунушалиев Боинг ұшағының қалай апатқа ұшырағанын айтып берген.
«Боинг шығыстан батысқа қарай қонуға бет алған. Бірақ, оның қандай себептермен жолдан шығып кеткені тергеуден кейін ғана анықталады. Ұшқыш екінші мәрте айналып келіп қонбақ болған деген болжам жасауға болады. Неліктен бұл оның қолынан келмеді? Біз ұшқыштың қалай әрекет жасағандығын және қандай шешім қабылдағандығын білмейміз», - деді ол.
Сонымен қатар агенттік басшысының орынбасары ұшақ құлаған жерде апаттық құтқару жұмыстары жалғасып жатқандығын айтты.
«Біздің мамандар әзірше ұшақтың құлау себебін тергеуге кірісе алмайды. Сондықтан ешқандай ресми нұсқа айта алмаймыз. Рейс таза коммерциялық болатын. Ол Гонконгтен Бішкек арқылы Ыстанбұлға баруы тиіс еді. Ұшу 4+1 сызбасы бойынша орындаған. Яғни, экипаждың 4 мүшесі мен 1 алып жүруші болған. Біз бортта алып жүруші адамның болған-болмағандығын да білмейміз», - деді Джунушалиев.
Айта кетейік, 16 қаңтарда сағат таңғы 7.31-де Бішкектің Дача-Суу ауылында, әуежайға жақын жерде Гонконгтен Түркияға бет алған Boeing 747-400 жүк ұшағы құлады. Авиалайнер «Манас» әуежайынан май құюды жоспарлаған. 23 үй қирап, 37 адам қаза тапты.