Қырғызстанда арқарлар қырылып жатыр
БІШКЕК. Кабар-ҚазАқпарат – Қырғызстанның табиғи ресурстар, экология және техникалық қадағалау министрлігі Ыстықкөл облысы Жеті-Оғыз ауданында арқарлардың қырылу себебін айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат Кабар агенттігіне сілтеме жасап.
Ведомствоның мәліметінше, инспекторлар тексеріс жүргізген. Олардың айтуынша, қар қалың жауып, соның салдарында азық болмай қалған. Бұл жануарлардың жаппай қырылуына әкеліп отыр.
Құмтөр ауданында 11, Сарычат-Эрташ қорығында 24, барлығы 35 арқардың қырылғаны анықталды.
«Бүгінгі таңда бұл жерлерде қар жылдам еріп, жолдар шайылып жатыр. Сондықтан, өлген жануарлардың нақты санын анықтау мүмкін емес. Қосымша ақпарат кейінірек болады», - делінген хабарламада.