Қырғызстанда белгісіз біреулер милиция патруліне оқ атып, бір адам қаза тапты

БІШКЕК. ҚазАқпарат - Қырғызстанда милицияның патруль қызметкерлеріне қарулы шабуыл жасалды.

Қырғызстанда белгісіз біреулер милиция патруліне оқ атып, бір адам қаза тапты

Жексенбі күні кешкілік Көк-Мойнок ауылындағы Боом шатқалында BMW автокөлігімен белгісіз біреулер жол патрулдік қызметкерлеріне оқ жаудырған. Мұнан кейін олар полицейлердің көлігіне мініп оқиға орнынан ізін суытқан.

Балықшы қалалық ауруханасынан түскен хабарға қарағанда қарулы атыс кезінде Балықшы қаласының 1976 жылы туылған ішкі істер қызметкерлері Бақыт Абдраев пен Дастан Асқарбекұлы жараланған. Дәрігерлер Б. Абдраевтың өмірін сақтап қала алмады, екінші жарақат алушы қазір дәрігерлік бақылауда.

Орын алған оқиғаға байланысты Ыстықкөл, Нарын және Шу облыстарында құқық қорғау қызметкерлері күшейтілген жұмыс тәртібіне көшірілді. Кейбір деректерде қылмыскерлер кавказдық ұлт өкілдері екені айтылады.