Қырғызстанда бір мұғалім 4 түрлі пәннен дәріс беруге мәжбүр

АЛМАТЫ. 25 ақпан. ҚазАқпарат - Қырғызстанда қазір 52 жоғары оқу орны бар. Бұл туралы Алматыда іс-сапармен жүрген Бішкектегі Жүсіп Баласағұн атындағы Қырғыз ұлттық университетінің Педагогикалық кадрларды мақсатты дайындау институтының директоры Рахат Сулайманова ҚазАқпарат тілшісіне берген сұхбатында айтты.

Қырғызстанда бір мұғалім 4 түрлі пәннен дәріс беруге мәжбүр

«Кеңес дәуірінде 11 жоғары оқу орнының алтауында педагогикалық кадрлар дайындалатын. Елімізде әлі күнге дейін педагогтар дайындауға маманданған бірде-бір арнайы жоғары оқу орны жоқ. Қырғызстанда жылына 120 мың оқушы мектеп бітірсе, соның 70 мыңы жоғары оқу орындарына түседі. Елімізде 31 мемлекеттік, 21 жекеменшік жоғары оқу орны бар. Алайда онда жоғары білім алған мамандардың бәрі бірдей жұмыс таба алмайды. Жұмыссыздықтың салдарынан олардың кейбірі шет елдерге кетуге мәжбүр. Мәселен ресми статистика бойынша 4 мыңдай мұғалім жетіспейді деп айтылады. Бірақ бұл сан одан бірнеше есе жоғары», - дейді Білім беру ісінің үздік қызметкері Р.Сулайманова. Рахат Тоқтоғұлқызының айтуынша, мұғалімдердің айлығы аз. Сондықтан мектептерде көбіне зейнетақы жасындағы мұғалімдер жұмыс жасайды. Мамандар жетіспеген соң 2 ставкадан жоғары жүктемемен жұмыс істейді. Тіпті 4 түрлі сабақтан дәріс беріп жүргендер бар. Сондай-ақ сырттай бітіргендер көп, кейбір ауылдарда орта білімді мұғалімдер жұмыс жасайды. Бұл білім беру сапасына өз әсерін тигізуде.

«Бұл ахуалды оңалтуға түрткі болу үшін 2009 жылы біздің институт ашылды. Ол мектептер мен ауыл үкіметтерінің білім беру басқармаларымен 3 тарапты келісім түзіп, іс берушілермен тікелей жұмыс істеуде. Онда мектеп бітірушілер жергілікті басқару органдарынан жолдама алады. Олар оқу ақысын төлегеннен кейін жас мамандар мамандық алып шыққан соң өз ауылдарына барып жұмыс істейді. Егер еңбек етпесе, оқу төлемдерін толық қайта төлейді. Олардың дипломдарын біз ауыл үкіметтеріне береміз. Бұл бір жағынан жұмыссыздықты шешуге, екінші жағынан мұғалімдікке қызықтыру арқылы жастарды жергілікті жерлерді көтеруге жұмылдыру мақсатында жүргізіліп жатыр. Әрине мемлекеттік деңгейде шешіп жатырмыз деп айта алмаймыз. Дегенмен әрекет жасалып жатыр», - дейді Р.Сулайманова.

12,5 мың студенті бар Жүсіп Баласағұн атындағы Қырғыз ұлттық университетінің Педагогикалық кадрларды мақсатты дайындау институтын 4 жылға жуық уақыт ішінде 300-ден астам студент бітіріп шыққан. Оның 148-і жоғары білім бөлімінде біліктілігін арттырып жатса, 98-і айыл үкіметтерімен жасалған келісім бойынша туған жеріне барып педагог қызметін атқаруда. Жалпы бұл оқу орнында 12 мамандық бойынша педагогикалық мамандар даярланады.