Қырғызстанда бір отбасыда Генерал, Полковник, Капитан, Майор және Лейтенант бар

АСТАНА. 22 қыркүйек. ҚазАқпарат - Ошта бір отбасының Генерал, Полковник, Капитан, Майор және Лейтенант есімді мүшелері бар. Мұндай ерекше атты Ұлы Отан соғысына қатысушының ұлдары иеленген. Бұл туралы Еуразия бірінші арнасы жазады.

Қырғызстанда бір отбасыда Генерал, Полковник, Капитан, Майор және Лейтенант бар

«Менің әкем Ұлты Отан соғысына қатысқан. Енді соғыс болмасын деген тілекпен осындай әскери атауларды балаларына берді. Менің атым Полковник. Менің Генерал, Майор, Капитан, Лейтенант есімді бауырларым бар», - деген Полковник сөзінен дәйексөз келтіреді ҚазТАГ агенттігі.

Полковник Үсенов өз балаларына қарапайым есімдер таңдаған. «Менің балаларым ондай есімді жақсы көрмейді деп ойладым. Сержант, Ефрейтор, Жауынгер деген атаулар керек емес деп шешіп, оларды Мақсат және Айдар деп атадым», - деді Үсенов.
Айта кетейік, Полковниктің өзінен басқа бауырлардың ешқайсысы әскери мамандық таңдамаған. Майор - шопан, Капитан - дәнекерлеуші, Лейтенант Мәскеуде тұрады.