Қырғызстанда бұрын Қазақстанда сотты болған лаңкес ұсталды
БІШКЕК. ҚазАқпарат - Бішкек қаласы 10 БІІБ қызметкерлері Қырғыз Республикасының МҰҚК-мен бірге «Заңсыз келуші» рейдтік шарасы барысында ел астанасы мен Шу облысының Тоқмақ қаласында "Хизб ут-Тахрир" діни-экстремистік тобының мүшелерін ұстады. Бұл туралы Бішкектің БІІБ баспасөз қызметі хабарлады.
Ұсталғандардың бірі - 47 жастағы ер адам - «Саид Бурятский» лақап атымен танымал А.Тихомировтың насихаттық қызметін жақтаушы. Белгілі болғандай, ол осыған дейін Қазақстанда діни-экстремистік әрекеттері үшін сотты болған.
Жедел-тергеу шаралары барысында ҚР-да тыйым салынған «Хизб ут-Тахрирге» тиесілі «Саид Бурятский» - А.Тихомировтың үгіт-насихат сипатындағы аудио және видео лекциялары тәркіленді.
Тәркіленген материалдар МҰҚК-ге берілді.