Қырғызстанда электр энергиясына баға көтерілді

АСТАНА. ҚазАқпарат - Қырғыз елінің билік көздері республикада электр энергиясының тарифтерін өсірді. Бұл туралы осы елдің Энергетика және өнеркәсіп министрлігінен хабарлады, деп жазады ТАСС.

Қырғызстанда электр энергиясына баға көтерілді

«Бір айда сағатына 700 кВт-тан артық пайдаланбайтын абоненттер үшін тарифтер 10 пайызға - 0,7 сомнан (шамамен 0,01 доллар) 0,77 сомға дейін көбейтілмек. Одан асырып пайдаланушылар 1 тамыздан бастап сағатына 1 кВт үшін 2,16 сом (0,03 доллар) төлейтін болады», - деп мәлімдеді ведомстводан.

Энергетика министрлігінде атап өткендей, қыс мезгілі 2-3 айға ұзақ болатын таудың жоғары аудандарында қазан айынан мамырға дейін электр энергиясын пайдалану лимиті жеңілдікпен есептеу бойынша айына 1 мың кВт/сағ құрайды.

Бұған дейін Қырғызстанның жылу-энергетикалық кешенін реттеу мемлекеттік департаменті ағымдағы жылдың 1 маусымынан бастап электр жарығының тарифтерін 20 пайызға өсіруді жоспарлап отырған. Алайда сол кезде бұл жағдайға республика президенті Алмазбек Атамбаев араласып, энергетиктерді бағаларды күрт өсіруден бас тартып, бұл процесті кезең-кезеңмен жүргізуге шақырды.