Қырғызстанда электр сымдарына ілініп қалған парашютпен секіруші құтқарылды
АСТАНА. ҚазАқпарат - Жалал-Абад облысында құтқарушылар жоғары кернеулі электр желісінің сымдарына ілініп қалған парашютпен секірушіні құтқарды, деп хабарлады kyrtag.kg агенттігі.
«4 наурызда Жалал-Абад облысы Созақ ауданында күндіз Ноокен ауданы Масы ауылының тұрғыны парашютпен секіруші 49 жастағы Владимир Гальгалский таудан секіріп, Боз-Чычкан ауылында «Датқа Кемин» электр сымдарының желісінде ілініп қалған», - деп хабарлады Қырғызстан ТЖМ.
Биіктегі сымдарға ілініп қалған адамды жерге түсіру үшін электрмен жабдықтау саласының 9 қызметкері, 11 құтқарушы жұмылдырылды. Олар парашюттың жіптерін кесіп, ер адамды жерге аман түсірді. Құтқару кезінде ешкім жапа шекпеген.