Қырғызстанда энергетиктер жұртты электр энергиясын үнемдеуге шақырып жатыр

БІШКЕК. ҚазАқпарат – Қырғызстан астанасы Бішкек қаласы мен Шу облысының тұрғындарына электр желілеріне максималды жүктеме болатын уақыттарда электр энергиясын тұтынуды азайтуға кеңес берілді, деп хабарлайды ҚазАқпараттың меншікті тілшісі елдің Ұлттық энергохолдингіне сілтемемен.

Қырғызстанда энергетиктер жұртты электр энергиясын үнемдеуге шақырып жатыр

Шу электр желілері кәсіпорнының мәліметтеріне сәйкес, 21 қазандағы жағдай бойынша Бішкекте бір тәуліктегі электр энергиясын тұтыну 9,6 млн киловатт-сағатқа жеткен, жоспардағы көрсеткіш 6,8 млн болатын. Ал Шу облысы жоспарға сай 7,06 млн кВт электр энергиясын пайдалануы тиіс еді, іс жүзінде бұл сан 8,2 млн жеткен.

Электр энергиясын тұтынудың өсуі электр желілері мен құрылғыларға жүктемені көбейтіп отыр, бұл әсіресе электр ең көп пайдаланатын уақыттарда сезіледі. Электр энергиясын апаттық жағдайда сөндіруге жол бермей үшін және электр құрылғыларға зақым келтірмеу мақсатында энергетиктер тұрғындарға 7:00 мен 9:00 және 19:00 мен 21:00 аралығында электр жылыту құрылғыларын қоспауға кеңес берді.



Фото: artsakhpress.am