Қырғызстанда инфляция мен кедейлік деңгейі өседі деп болжанып отыр
БІШКЕК. ҚазАқпарат - Дүниежүзілік банк 2022 жылдың соңына қарай Қырғызстан Республикасында инфляция мен кедейлік деңгейі сәйкесінше 15% және 25,5% дейін өсетінін болжады, деп хабарлайды ҚазАқпарат Дүниежүзілік банктің күзгі есебіне сілтеме жасап.
Банк есебіне сәйкес, елдегі инфляция 2022 жылы 15% жетіп, кейін қалыпты болады, бюджет тапшылығы өседі, бірақ орта мерзімді перспективада ол ЖІӨ-нің 3%-ынан да әрі төмендейді.
Ел экономикасы әлі де алтын өндіруге (ЖІӨ-нің 10% және экспорттың 35%), ақша аударымдарына (ЖІӨ-нің 25%) және сыртқы көмекке қатты тәуелді екені атап өтіледі.
COVID-19 пандемиясы Қырғызстан экономикасына қатты әсер етті. Пандемия кезінде ондағы ЖІӨ 8,4% қысқарып, кедейлік көрсеткіші 2019 жылғы 11,7%-дан 2020 жылы 18,7% дейін өскен.
Дүниежүзілік банк болжамынша, күніне 3,65 долларға өмір сүретін халықтың үлесі 2021 жылғы 21,8%-дан 2022 жылы 25,5% дейін өседі.
Кедейлік деңгейінің өсуі, ең алдымен, азық-түлік бағасының көтерілуі, нақты табыстың төмендеуі және жұмыспен қамту мүмкіндіктерінің шектелуіне байланысты.
Ел үкіметінің зейнетақыны ұлғайту, халықтың осал топтарын әлеуметтік қорғау бағдарламаларын қамтуды кеңейту бойынша қабылдаған шаралары инфляцияның жоғары деңгейі мен еңбек табысының жоғалуынан туындаған келеңсіз салдарды азайтуға көмектеседі.