Қырғызстанда қазақстандық суретшілердің көрмесі ашылды

БІШКЕК. ҚазАқпарат – Жақында Бішкектегі Гапар Айтиев атындағы Қырғыз ұлттық бейнелеу өнері мұражайында қырғыздың ұлы жазушысы Шыңғыс Айтматовтың 95 жылдығына арналған Қазақстан Суретшілер одағы Түркістан облыстық филиалының «Достығымыз жарасқан» топтық өнер көрмесі ашылды, деп хабарлайды ҚазАқпараттың меншікті тілшісі.

Қырғызстанда қазақстандық суретшілердің көрмесі ашылды

Көрме қойылымына танымал көркем суретшілер мен ҚР Суретшілер одағы мүшелерінің туындылары қойылған.

Олардың қатарында Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткерлері Әбдуахат Мұратбаев, Нұрлан Шилібаев, Едіге Тұрлыбеков, сонымен қатар Ерғали Палымбетов, Құралбек Қосуақов, Анарәлі Тіленші бар.

Көрме қатысушыларының бәрі – түрлі жанрдағы көптеген картин салған, өзіндік ерекшелігі бар шеберлер.

Көрменің ашылуы Халықаралық музей күніне орай ұйымдастырылған «Музей түні» акциясымен тұспа-тұс келді.

Оған көптеген елорда тұрғыны, шетелдік турист пен қала қонақтары барды.

Отандастарымыздың өнер туындыларына үлкен буын өкілдері ғана емес, жастар да қызығушылық танытты.

«Музей түні» акциясына келушілерге керамика, былғары, қолөнер, мүсіндеу, сурет салу бойынша шеберлік сағаттары ұйымдастырылды. Экспозиция залдарында қырғыз және орыс тілдерінде поэтикалық кештер өтті, жергілікті ақын мен музыканттардың туындылары шырқалды. Әр көрермен әсерге бөленіп, жағымды энергия жинап қайтты.

Көрме 4 маусымға дейін жалғасады.