Қырғызстанда көліктерді көшкіннен қорғау үшін тоннель салынуда
АСТАНА. ҚазАқпарат - Бішкек-Ош тасжолының таулы учаскесінде автомобильдерді қар көшкіні мен тастың құлауынан қорғау үшін тоннель салынбақ. Бұл туралы «Кабар» Қырғызстан көлік және жол министрлігіне сілтеме жасап хабарлайды.
Ведомствоның дерегі бойынша, ұзындығы 450 метр болатын жабық үлгідегі көшкіннен қорғау галереясы (тоннель) жолдың 246 шақырымында, қар көшкіні жиі болатын Кочку-Булак учаскесінде салынады.
Мұндай тоннелдің құрылысы үшін Жапония 38,2 млн долларлық грант бөледі, деп хабарлады Қырғызстан көлік және жол министрі Жамшитбек Калилов Жогорку Кенештің бюджет және қаржы комитетінің отырысында.
Көшкіннен қорғау галереясы табиғи апаттың қаупін сейілтуге мүмкіндік беріп, көшкіннің жүруі мен тас құлауының алдын алады.