Қырғызстанда көлікті міндетті сақтандыру құжаты жоқ азаматтарға айыппұл салынады

БІШКЕК. ҚазАқпарат – Қырғызстанда 2023 жылдың 1 сәуірінен бастап үшінші тұлғалардың азаматтық-құқықтық жауапкершілігін міндетті сақтандыру полисі (OСАГО) жоқ автокөлік иелеріне айыппұл салынады.

Қырғызстанда көлікті міндетті сақтандыру құжаты жоқ азаматтарға айыппұл салынады

Тиісті қаулыны Қырғызстан Республикасының Министрлер кабинеті қабылдады, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Қырғызстан Республикасының «Автокөлік құралдары иелерінің азаматтық-құқықтық жауапкершілігін міндетті сақтандыру туралы» Заңы 2015 жылы қабылданып, оны енгізу бірнеше рет кейінге шегерілді. 2022 жылдың желтоқсанында оны толық іске асыру үшін соңғы заңға тәуелді актілерге қол қойылған.

OСАГО келісімі бойынша сақтандырудың ең төменгі құны жылына 1 680 сом (шамамен 19,6 доллар), ең жоғары бағасы – 2 100 сом (24,5 доллар), ал ол жоқ болғаны үшін айыппұл 3 000 сомды (35 доллар) құрайды. Міндетті сақтандыру құны жүргізушінің тәжірибесі, қозғалтқыш көлемі және техникалық тексерудің болуына байланысты.

Егер жол-көлік оқиғасына кінәлі адамның OСАГO полисі болса, сақтандыру ұйымы зардап шеккен тарапқа келтірілген зиянды өтейді.

Көлік құралдары иелерінің азаматтық-құқықтық жауапкершілігін міндетті сақтандыру шарты бойынша ең төменгі сақтандыру сомасы мен жауапкершілік лимиті бекітілді, олар:

- әрбір жәбірленушінің өміріне немесе денсаулығына зиян келтіріп, жәбірленушінің өліміне әкеп соққаны үшін - 300 мың сом (шамамен 3,5 мың доллар);

- жәбірленушіге І топтағы мүгедектік белгіленгені үшін – 200 мың сом (2,3 мың доллар);

- жәбірленушіге ІІ топтағы мүгедектікті белгіленгені үшін – 150 мың сом (1,75 мың доллар);

- жәбірленушіге III топ мүгедектігі белгіленгені үшін – 100 мың сом (1,16 мың доллар);

- жәбірленушіге «мүгедек бала» санаты белгіленгені үшін – 200 мың сом (2,3 мың доллар);

- мүгедектік белгіленбесе де, денені жарақаттау немесе денсаулыққа өзге де зақым келтіргені үшін - амбулаторлық және (немесе) стационарлық емдеуге жұмсалған нақты шығын мөлшерінде, бірақ 100 мың сомнан (1,16 мың доллар) аспайды;

- жәбірленушілердің мүлкіне зиян келтіргені үшін - келтірілген зиян мөлшерінде, бірақ әрбір жәбірленушіге 150 мың сомнан (1,75 мың доллар) және барлық жәбірленушілерге 450 мың сомнан (5,25 мың доллар) аспайтын мөлшерде.

Гүлмира Әбдірахманова