Қырғызстанда мал салығын енгізу ұсынылды

БІШКЕК. ҚазАқпарат - Қырғызстанда ауыл шаруашылығы жануарларына салық енгізу ұсынылды. Тиісті заң жобасы қоғамдық талқылауға шығарылды, деп хабарлайды ҚазАқпараттың меншікті тілшісі Қырғызстан Республикасы Жогорку Кенешінің сайтына сілтеме жасап.

Қырғызстанда мал салығын енгізу ұсынылды

Қырғызстан Республикасының Салық кодексіне енгізілген өзгертулерге сәйкес, ауыл шаруашылығы жануарларына (жылқы, сиыр, қой, ешкі) жылына бір рет келесі мөлшерде салық төлеу қарастырылған: қой мен ешкіге – 100 сом (500 теңгеден жоғары), ірі қара – 250 сом (1270 теңге), жылқы – 250 сом (1270 теңге).

Өзгерістер 40-тан астам қой-ешкі, 3 бас сиыр және 2 жылқысы бар мал иелеріне қатысты болады. Ауыл шаруашылығы жануарларына салық төлейтін тұлғалар жайылымдық жерлерді пайдаланғаны үшін төлемнен босатылады.

Барлық қаражат жергілікті өзін-өзі басқару органдарының бюджетіне түсіп, жергілікті маңызы бар мәселелерді шешуге, соның ішінде ветеринарлармен қамтамасыз ету, малды вакцинациялау, жайылымдық инфрақұрылымды жақсартуға жұмсалады.