Қырғызстанда митингіге шыққандар қамауға алынды

АСТАНА. Тамыздың 6-сы. ҚазАқпарат - Қырғызстанда ел президенттігіне экс-кандидат кәсіпкер Урмат Барықтабасов билікті басып алмақ болды деген айыптаумен қамауға алынды.

Қырғызстанда  митингіге шыққандар   қамауға алынды

Бұл ақпаратты РБК агенттігі ел үкіметінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап хабарлады.

Баспасөз қызметі өкілінің айтуынша, У.Барықтабасовпен бірге оның бірнеше жақын жақтаушылары ұсталған.

У.Барықтабасовтың жақтаушыларының митингісі кеше таңертең Бішкекте Горький атындағы саябақта басталды. 3 мыңдай адам жиналған топ кейіннен ел парламенті ғимаратының алдындағы алаңға ауысты. Ал сол уақытта Балықша қаласынан Бішкекке қарай У.Барықтабасовтың жақтаушылары мінген автоколонна аттанды, оларды қала іргесінде тәртіп сақшылары тоқтатты. Адамдарды тарату үшін полицейлер арнаулы жарақтар қолдануға мәжбүр болды, дейді дерек көз.

Естеріңізге сала кетейік, Қырғызстанда У.Барықтабасовтың үстінен төңкеріс жасамақ болған әрекетіне байланысты қылмыстық іс қозғалған. 2005 жылдың шілде айында оның саясатын жақтаушылар Бішкектегі үкімет ғимаратын аз уақытқа басып алғаннан кейін, оның үстінен іс қозғалған еді. Бұл оқиға У.Барықтабасовқа президенттік сайлауға қатысуға мүмкідік берілмегеннен кейін болған.

Іс қозғалғаннан кейін кәсіпкер елден қашып кетіп, биыл шілде айында, Қырғызстанның оңтүстігіндегі тәртіпсіздіктер басталған кезде елге қайта оралған.