Қырғызстанда Ош оқиғаларында қаза тапқандарды еске алды
АСТАНА. 10 маусым. ҚазАқпарат - Қырғызстан астанасында бүгін республиканың оңтүстігінде бір жыл бұрын болған ұлтаралық қақтығыстың құрбандарын еске алды.
Акция премьер-министр Алмазбек Атамбаевтың, парламент депутаттарының, дiн және қоғамдық ұйымдар өкiлдерiнің қатысуымен Үкімет үйінің қасындағы алаңда өтті. Бүкiлхалықтық еске алу күні бір минут үнсіздіктен басталды, деп хабарлайды «24.kg» АА.
Бүгін еске алу іс-шараларына қатысу үшін депутаттардың басым бөлігі Ош, Жалал-Абад облыстарына ұшып кетті. Олардың арасында Қырғызстанның мемлекет басшысы Роза Отынбаева да бар.
2010 жылдың 10-14 маусымы аралығында Қырғызстан Республикасының Ош және Жалалабад облыстарында қырғыз және өзбек ұлтының арасында қарулы қақтығыстар болып, бірнеше жүз адам қаза тапқанын еске салып өтеміз.