Қырғызстанда полиция патруліне шабуыл жасаған адам бұдан бұрын Қазақстаннан эстрадицияланған
БІШКЕК. ҚазАқпарат - Қырғызстанның ІІМ жексенбі күні полиция қызметкерлеріне қарулы шабуыл жасаған екі қылмыскерге қатысты деректерді хабарлады.
Қырғызстан Республикасының ІІМ ақпараты бойынша полицейлерге оқ жаудыртқан Магамедов Заур Мұхтарұлы, 1986 жылы туған, Шу облысы Сокулук ауданының тумасы, Жаны-жер селосының тұрғыны, бұдан бұрын бірнеше рет әртүрлі қылмыстар жасағаны үшін қылмыстық жауапкершілікке тартылған. Соңғы рет кісі өлтіргені және қарақшылық шабуыл жасағаны үшін Интерпол желісі бойынша ұсталып, Қазақстаннан Қырғызстанға экстрадицияланған болатын. Сот талқылауы барысында З. Магомедов ақыл-есі кем деп танылып, оған мәжбүрлі түрде емдеу тағайындалған. Бірақ ол жүйке аурулары ауруханасынан да ебін тауып қашып шыққан. Онымен бірге 1971 жылы туған, Жалал-Абад облысы Ақ-Сый ауданының тумасы Арчаев Бердімұрат Нұрбердиұлы болған. Қылмыскерлер полиция патруліне шабуыл жасағаннан кейін, көлікке мініп, іздерін суытқан. Сол көлік бүгін Жалал-Абад облысы Тоқтағул ауданынан табылды. Еске сала кетейік, 9 ақпанда Ыстықкөл облысы Тонский ауданы Көк-Мойноқ ауылының маңында екі белгісіз адам полиция қызметкерлеріне оқ жаудыртқан. Олардың бірі - прапорщик Бақыт Абдраев алған жарақаттан көз жұмды. Қылмыскерлерді іздестіру жалғасуда. ІІМ басшылығы Б. Абдраевтың отбасына көмек көрсетілетінін айтты.