Қырғызстанда референдум мен жергілікті кенештердің сайлауы аяқталды

Референдум мен жергілікті кенештер сайлауын өткізу үшін 2 мың 365 біріктірілген учаскелер ашылды, олар таңғы сағат 8-00-ден жұмыс істей бастады. Дауыс беру шарасы басталысымен кейбір учаскелерде техникалық проблемалар пайда болды. Нақтырақ айтқанда онда автоматты құрылғылар сайлаушыны бірден тани алмады, ал, автоматты дауыс санайтын құрылғылар бюллетеньдерді қабылдамады. Сонымен қатар электр қуатымен қамтамасыз ету бағытында да проблемалар туындады.
Алайда Орталық сайлау комиссиясының басшысы Нұржан Шайлдабекованың сөзінше, бұл проблемалар жаппай орын алған жоқ және оларды тиісті мамандар бірден реттеді.
Сағат 18-00-дегі мәліметтер бойынша, референдумға 867 141 қырғызстандық қатысты. Бұл елде тіркелген 2 млн 851 мың 952 сайлаушының 30,41 пайызы.
Осылайша, референдумның өтуі үшін қажетті ең төменгі көрсеткішке қол жеткізілді және тиісті заң талаптарына сәйкес, референдум өткізілген болып есептеледі.
Сағат 20-00-ден соң барлық мәліметтер автоматты түрде санау үшін ОСК-ның орталық серверіне жіберіледі. Бұдан соң комиссия өкілдері бюллетеньдерді жеке-жеке қолмен санап шығады.
Сайлау мен референдумның қорытынды нәтижелері дүйсенбі, 12 желтоқсан күні белгілі болады.
Айта кетейік, сайлау 389 ауылдық, 22 қалалық кенештерде өтті. Бұл аймақтардан 7,5 мыңнан астам депутат сайлануы тиіс.
Референдумда қырғызстандықтар Конституцияға енгізілетін өзгерістерді қолдайтынын не оған қарсы екенін білдіреді.