Қырғызстанда сайлауалды науқаны тоқтатылуы мүмкін - Роза Отынбаева

АСТАНА. Қыркүйектің 7-сі. ҚазАқпарат - Қырғызстан Президенті Роза Отынбаева парламенттік сайлауға қатысушы саяси күштерге ескерту жасап, егер олар елдегі жағдайды тұрақсыздандыратын болса, сайлауалды науқанның тоқтатылатынын мәлім етті. Бұл туралы «РИА «Новости» агенттігі хабарлады.
None
None

Партиялық жүйе бойынша парламенттік сайлау қазанның 10-ына белгіленген. Парламенттік сайлауға қатысатын кандидаттардың тізімін Әділет министрлігі тіркеген 140-тан астам саяси бірлестіктің атынан 29 партия беріп отыр.

Парламенттік сайлау сәуір айында Құрманбек Бакиев тағынан тайдырылғаннан кейін қалыптасқан билік институттарын заңдастыруға жасалған кезекті қадам болмақ. Қырғызстанда жаңа биліктің қалыптасу үдерісі оқтын-оқтын орын алған азаматтық тәртіпсіздіктермен қатар жүріп жатыр.

«Егер, қандай да бір партия халықты қорқытумен айналысатын болса, ол фактілер бойынша заңға сәйкес қатаң шаралар қабылдауға мен уәде беремін. Мен төтенше жағдай енгізіп, сайлауды тоқтата алатынымды түсінулеріңіз керек. Мемлекеттің тұтастығы мен халықтың бірлігі - депутаттық мандаттан маңыздырақ», - деп мәлім етті қырғыз мемлекетінің басшысы сейсенбі күні парламенттік сайлауға арналған «дөңгелек үстел» отырысында.

Елдің жаңа Конституциясына сәйкес, заңды парламенті сайланғаннан кейін ғана Қырғызстан парламенттік республика атанады. Ел президенті тек өкілдік қызмет атқаратын болады да, республиканы басқару жөніндегі іс жүзіндегі өкілеттік парламенттік көпшілік тағайындайтын премьер-министрге ауысады.

Соңғы жаңалықтар