Қырғызстанда Тәуелсіздік күні тойлануда
БІШКЕК. ҚазАқпарат - Қырғызстан тәуелсіздігінің 31 жылдығын тойлауда, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
Қырғыз Республикасы жыл сайын 31 тамызда басты мемлекеттік мереке – Тәуелсіздік күнін тойлайды. 1991 жылдың дәл осы күні Қырғыз Республикасы Жоғарғы Кеңесінің кезектен тыс сессиясы «Қырғызстан Республикасының мемлекеттік тәуелсіздігі декларациясы» қаулысын қабылдады. Осы тарихи акт бойынша Қырғыз Республикасы тәуелсіз, егемен, демократиялық мемлекет болып жарияланды.

Шу облысындағы Чункурчак жайлауындағы көрікті жерде Тәуелсіздік күні құрметіне мемлекеттік туды көтеру рәсімінде ел президенті Садыр Жапаров қырғыз халқына құттықтау сөз сөйледі.

Сондай-ақ, ол елдің экологиялық және энергетикалық қауіпсіздік, халықты әлеуметтік қорғау жүйесі, қорғаныс қабілеті, теміржол желісін дамыту, «Құмтор» алтын кен орнын мемлекет меншігіне қайтару саласындағы ағымдағы жылғы табыстарын атап өтті.
Елдің түкпір-түкпірінде мерекелік іс-шаралар, бұқаралық жиындар, спорттық жарыстар, аспаздық турнир және ойындар өтіп жатыр.
Кешке ел астанасының орталық Ала-Тоо алаңында қырғыз эстрада жұлдыздарының қатысуымен концерт өтеді.
