Қырғызстандағы қырғыз тілі Қазақстандағы қазақ тілі сияқты қажетті болуы тиіс - А. Жээнбеков

БІШКЕК. ҚазАқпарат - Бішкекте «Заң шығарудағы мемлекеттік тіл мәселесі» атты республикалық ғылыми-практикалық конференция өтті.

Қырғызстандағы қырғыз тілі Қазақстандағы қазақ тілі сияқты қажетті болуы тиіс - А. Жээнбеков

Екі күндік форум Жогорку Кенештің бастамасымен ҚР Ұлттық ғылым академиясы Ш.Айтматов атындағы Тіл және әдебиет институтының ұйымдастыруымен өтті. Жиында тіл туралы заң, қырғыз тілінің орфографиясы, терминология, аударма саласындағы күрделі тақырыптар талқыланды.

«Қырғыз тілінің қағаз жүзінде ғана емес, күнделікті қолданыста болуы үшін оның мәртебесі туралы Конституцияда жазып қана қою аздық етеді. Қырғыз тілі заң шығару, ресми құжат айналымы, ақпарат тарату тіліне айналған жағдайда ғана мемлекеттік мәртебеге ие болады», - деп мәлімдеді Жогорку Кенеш спикері Асылбек Жээнбеков.

Жиында Жогорку Кенеш спикері қырғыз тілін күнделікті қолданысқа енгізуге бағытталған бірқатар шаралар атқарылып жатқанын айттын. Нақтырақ айтқанда, 4 жылдан бері парламент сессиясы мемлекеттік тілде өтіп келеді, құжат айналымы, меморгандар арасында өзара қарым-қатынас тілі де қырғыз тілі болуына назар аударылған.

«Бастысы, ел халқы қырғыз тілінде ойлап, сөйлеп, жаза бастаса, мемлекеттік тіл деңгейі көтеріліп, өз қызметін орындай бастайды», деді Асылбек Жээнбеков. Сондай-ақ спикер қырғыз тілін білу Ресейде орыс тілі, Қазақстанда қазақ тілі, Ұлыбританияда ағылшын тілі сияқты қажетті болуы тиіс деді.