Қырғызстандағы президенттік сайлауда Құрманбек Бакиев жеңіске жетуі мүмкін
АЛМАТЫ. Шілденің 23-сі. ҚазАқпарат /Жәнібек Ғалымұлы/ - Саяси шешімдер институтының зерттеуіне қарағанда Қырғыз Республикасындағы президенттік сайлауда Құрманбек Бакиевтің жеңіске жетуі мүмкін.
Бұл жайлы осы институт басшылары бүгін Алматыда өткен баспасөз мәслихатында мәлім етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
«Қырғызстандағы бүгінгі сайлауда президенттікке үміткерлердің жинайтын дауыс саны туралы сарапшылар бір пікірге келіп отыр. Сайлауда алғашқы турдың өзінде, қазіргі ел басшысы Қ. Бакиев 60 пайыздық дауыспен жеңіске жетуі ықтимал. Екінші орынды 20 пайыз дауыспен А. Атамбаев иеленеді. Басқа үміткерлер 3-5 пайыз аралығында дауыс жинауы мүмкін», дейді институт директоры Бақытжамал Бектұрғанова. Ал талдау және консалтинг бөлімінің жетекшісі Ерлан Смайыловтың айтуынша, болашақ президентті сайлауда қырғызстандық электорат пікіріне ықпал ететін негізгі екі жәйтті бөліп айтуға болады. Олар - саяси және әлеуметтік-экономикалық тұрақтылық, әкімшілік ресурс. Зерттеуге қатысқан сарапшылардың пайымдауынша, бұл сайлауда 2005 жылғы оқиғаның қайталану ықтималдығы төмен.